Сен киген киім
Бір көрменің тарихы. Арнайы #Корғау123 жобасы үшін.
«Қандай киім киген едің? – зорлық-зомбылық құрбандарына жиі қойылатын бұл сауалға көбісінің берер жауабы да дайын. Бәлкім, шолақ шалбар, қысқа белдемше немесе ашық кеудеше киген шығарсың? Бірақ шындығында солай болған ба еді?
Бірнеше жыл бұрын Канзас университетіндегі Сексуалдық қылмыстардың алдын алу жөніндегі орталық басшысы Джен Брокмэн мен доктор Мэри А. Вьяндт-Йебер (Арканзас университеті жанындағы Зорлау әрекеттерін бақылау жасау жөніндегі орталық жетекшісі) арт-жоба ойлап тапқан болатын. Олар зорлық-зомбылық кезінде құрбандар киген киімдердің ерекше көрмесін жасағанды жөн көреді. Кейінірек бұл бастамаға әлемнің түрлі елдерінен қолдау білдіргендер қосылады.
Қазақстандағы аталмыш көрме бастамашылары: Алтынай Мұсалимова, Инесса Ишаква және Фариза Оспан атты үш бойжеткен. Қыздар ешқандай қордың өкілдері емес. Көрме азаматтық пікірін білдіргісі келген бойжеткендердің өз қаржысымен ұйымдастырылыпты.
Үрей мен қорқынышқа толы әрекетті бейнелейтін 13 оқиға, 13 киім жиынтығы, 13 айна...
Көрмені көргенде алғаш: «Менде де осындай кеудеше бар ғой. Ал мынау дәл менің қызымның шалбарына ұқсайды екен» деген ойлар болуы келуі мүмкін. Зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың дәл сол оқиға кезінде киген киімдерінен еш ерекшелік байқамайсыз; оларды ашық-шашық дейтіндей еш белгісі жоқ, дегенмен, ол киімдердің сол бір азапты сәттерде құрбандардың үстінде болғаны денеңді түршіктіреді. Сонда өзіңнің де, жақын таныстарыңның да кез келген сәтте сондай жағдайға ұшырауы мүмкін екенін түсінесің.

"Көбінің кәдімгі жылы кеудеше немесе қарапайым джинсы шалбар киетіні белгілі. Олардың зорлықшының көңілін аударатындай ештеңесі де жоқ. Сондықтан киімді немесе құрбан болған қыз-келіншекті тым әдемі болып жүргенсің немесе ашық-шашық киінгенсің деп кінәлаудың еш мәні жоқ. Бұл киімдердің қандай да бір назар аударатындай еш белгісі жоқ".

Алтынай Мұсалимова
Ең ауыры әрі қорқыныштысы – балалар киімдері мен балаларға қатысты оқиғалар.

«9 жасымда студент ағам үш түн бойы маған тиіскен еді. Ұйықтар алдында өзімді қорғау үшін түрлі заттарды, тырнақ алатын қайшы, қысқаш, тістеуік сияқты құралдарды жаныма жинап қоятын болдым. Қабырғаның ар жағында ата-анам ұйықтап жататын.

Үстімде ақ түсті майка мен іш киімім болды. Анам менің не үшін тоқтамай жылағанымды түсінбеген еді. Мен сұмдық қорқып әрі қатты ұялған едім... Қалай түсіндірерімді білмедім».

"Ондай жағдайлар ішімдікке әуес, балаларына қарамайтын нашар отбасыларда болатын шығар» деген біржақты түсінік бар. Негізі, мүлдем олай емес. Ешқандай зорлық-зомбылық болмайтын қоғам да, қала да, жер де, ел де, ұлт пен этнос та жоқ".

Инесса Ишакву
35%

Әлемдегі әрбір үшінші әйел өмірінде
бір рет болса да физикалық немесе сексуалдық зорлыққа ұшырайды
17-ден 30%-ға дейінгі

әйелдер өздерінің алғашқы сексуалдық тәжірибесі зорлық түрінде болғанын
20%

әйел бала кезінде сексуалдық зорлыққа ұшырағанын мәлімдейді
Көрме қабырғаларында зорлыққа ұшыраған қыздардың өз киімдері емес, экспонат түрлері қойылған. Оларды кейіпкерлердің әңгімесі бойынша жасаған екен. Шынайы киімдер тым ауыр сезімдерге толы болатындықтан, оларды құрбандар көбінесе жыртып, өртеп жібереді екен.
Әлем бойынша мұндай көрмелердің бәрі де зорлыққа ұшырағаны үшін әйелдердің өзін кінәлайтындарға қатты әсер етіп жатады. Көптеген жандар көрме арқылы ондай қылмыстарға киімнің еш қатысы жоқтығын түсінеді. Алматыда өткен көрменің қазақша «Киiмдi Кiнәлама» («Одежда ни при чем») деп аталуы да сондықтан екен, жобаны ұйымдастырушы қыздар өзгелерге осы ойды жеткізе алдық деп үміттенеді.
Материал ҚР Қылмыстық кодекісінің сексуалдық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған бір ғана – 123-ші бабының атауын алған KORGAU123 жобасының аясында құрылды. Жоба шеңберінде сонымен қатар, Дағдарыс орталықтары одағының 150 нөміріне құпия түрде, тегін әрі тәулік бойы қоңырау шалып, жұмыс орнындағы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу туралы хабарлап, сотқа жүгінуге қажетті құқықтық кеңестер алуға болады.
Жоба жайында әлеуметтік желілердегі достарыңызға айта жүріңіздер.