ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТЫП КЕЛГЕНДЕР
Олар Батыстағы мансабынан өз үйлерін артық көргендер...
Neupusti.net порталы шетелдік беделді университеттерден білім алған соң, Батыстағы өмірінен өз Отанын артық көріп, кері қайтқан орталықазиялық жастар туралы жарияланымдар топтамасын жалғастырады. Аталмыш шығарылым Қазақстаннан шыққан жастарға арналады
Әлтаир Бірлік, 27 жаста. Италияда білім алған
Әлтаир Бірлік
– Өзің туралы айтып өтсең...
– Жасым 27-де. 1-ші сыныптан «Тамоста» (Қазақстандағы батыстық үлгідегі жеке мектептер желісі, – ред.еск.) оқығанмын. Жоқ, 10-шы сыныпқа дейін екен ғой. 10, 11, 12 сыныптарды Канаданың Ванкувер қаласында оқыдым. Мектепті (high school) сол жақта бітірген соң Лондонға кеттім. Англияда университетке түсіп, бір жыл оқыдым. Ал содан соң таңдаған оқуым көңілімнен шықпағандықтан, мамандығымды өзгертпек болып, Италиядағы инженерлік оқуға таңдау жасадым. Онда турбоқозғалтқыш бойынша білім алдым.

– Өте сирек кездесетін мамандыққа таңдау жасапсың. Оған не себеп болды?
– Білмеймін. Өзіме ұнады. Инженерия маған жақын болып көрінді. Ал содан соң жақында Қазақстанға қайтып оралдым. Оқуымды аяқтаған соң, басқа еш жерде жалғастырған жоқпын.

– Саған бір сұрақ қояйыншы – әдетте ол сұрақты сұхбат соңында қоятын едім – бірақ саған қазір қойғым келіп отыр. Қазақстанға неге қайтып келдің? Саған сол жақта қалуға ұсыныстар, оқуыңды магистратурада жалғастыру мүмкіндігі болған шығар.
– Иә, негізі, оқуымды жалғастыра берсем, біртіндеп ғылым соңында кетсем дейтінмін. Бірақ соңғы жылы өзімді қинап оқыдым деуге болатын шығар, оқуды аяқтаған соң инженер болып жұмыс істегім келмеді. Өйткені ол салаға кез келген сәтте қайтып оралып, әлдебір зауытта инженер болып 50 жыл жұмыс істеп жүре аламын. Ал мен өз ісімді ашқым келді. Ашқанда да, дәл Қазақстанда бір нәрсе шығарғым келді...

– Қазір не істейсің? Қандай жобамен айналысасың?
– Қазір тіс щеткаларымен айналысып жүрмін. Қазақстандағы тіс щеткасы өндірісін жолға қойсақ дейміз. Бизнес үлгісі: тек жазылу ғана. Жазылсаң болды, біз саған әр үш ай сайын тіс щеткасы мен тіс пастасын жеткізіп беріп тұрамыз. Одан кейін тіс шайқағыш шығарып, дәл осы индустрияда өзімізді жетілдірсек дейміз.

– Не үшін дәл осы салаға бет бұрдың?
– Шынымды айтсам, мен бала кезден өзімнің автоконцернім болса, өз автокөлік жобамды, өз брендімді жасасам деп армандайтынмын. Сәл есейгенде неге екенін, тіс щеткаларына деген ерекше қызығушылық пайда болды. Олар маған қатты ұнайтын. Ал біздің елде сатылатын барлық тіс щеткалары бір түрлі сұрықсыз ғой. Colgate болсын, Oral-B болсын, ұсқынсыз жасала салған – қисайтып, кетік етіп жасап қояды, әйтеуір, маркетингтік қулықтарынан басқа еш ерекшелігі жоқ.

Расымен ерекшелігі жоқ па сонда?
– Иә, жоқ. Ал мен таңертең тұрып, тіс тазалап тұрған адамның көңіл-күйін көтеретіндей өзі әдемі, өзі шағын тіс щеткасын шығарсам деймін.

Біз, қазақтар, әрқашан төменнен жоғарыға қарап:
«О, еуропалықтар! О, олар істеген істің бәрі керемет қой!» деп тамсанғыш халықпыз ғой.
Сенің ол жобаң жүзеге асты ма? Өндіріс жолға қойылды ма әлде енді қолға алып жатырсың ба?
– Иә, енді қолға алып жатырмын. Қазір инвесторлар іздестірудеміз. Ісіміз алдағы уақытта бір ізге түсер деп үміттенеміз.

Ал егер ол ісіңді сол Лондонда, Канадада-ақ жүзеге асыра алғаныңда, өз орныңды таптым деп есептер ме едің?
– Иә.

Бірақ қалай болғанда да, сен еліңе оралдың ғой, сонда патриоттық сезімің бәрінен басым түскен бе?
– Иә, әрине, патриоттық сезім ғой. Шетелде жүргенде, бойдағы патриоттық сезім өрши түседі екен. Маған неге қайтып келдің дейтіндер көп. Білмеймін, өзім осы елде туып-өстім, туыстарым да, достарым да осы елде тұрады. Жалпы, қазақтарды жаныма жақын тұтамын. Өзім көп елде тұрып көрдім, бірақ дәл қазақстандықтардай ешкім жақын болған емес. Отандастарым үшін әлдебір жақсы нәрсе істегім келеді. Сол ойымды жүзеге асыруда Қазақстанда көбірек мүмкіндік бар деп ойлаймын.

– Мүмкіндіктер елі дейсің ғой?
– Иә, иә. Біздің елде қазірше ештеңе жоқ, қайда қарасаң да бос жатыр.

– Шетелде өткен өміріңе қатысты кейбір сәттерді сағынасың ба? Мүмкін, әлі де бір нәрсе жетіспей тұратын шығар?
– Әрине, көп нәрсе жетіспейді. Бірақ шетелдің өз басымдықтары болса, бұл жақтың да өз артықшылықтары бар, кемшілік жағынан да солай. Шынымды айтсам, Қазақстанның менталитетінен шаршап кетемін, кейбір жеке адамдар мүлдем жағымсыз болып кетеді. Ал батыста ондайға басқаша қарайсың.

– Қазір шетелде қалсам ба, әлде кері қайтсам ба деп ойланып жүргендерге қандай кеңес айтасың?
– Ол әркімнің жағдайына қарай ғой. Дегенмен, егер өзіңді жақсы сезіне алсаң, қайда жүргенің маңызды емес, қалаған ісіңді кез келген елде жүзеге асыруға болады дер едім. Оның үстіне, өзің сүйіп істейтін жұмысың, берілген идеяң болса, бар уақытың мен күш-қуатыңды соған жұмсасаң, ол іспен қай елде айналысқаныңда тұрған ештеңе жоқ.

Дегенмен, неге Қазақстан дейсіз ғой? Өйткені Қазақстан дәл қазір кейбір саланы, әсіресе өндірісті дамытуға талпынып жатыр. Үкімет ең болмаса, теориялық жағын қалыптастыруға ұмтылуда. Сондықтан меніңше, дәл қазір – сүйікті өз ісіңді қолға алып, соны дамытуға кірісетін уақыт. Қазақстанда бұған дейін ондай мүмкіндіктер аз болған, ал қазір қандай да бір идеялары бар белсенді ұрпақ заманы туып келеді. Дәл қазір қалаған ісіңді қолға алып, Қазақстанды өзгертуге атсалысу қажет, өйткені қазіргі шақтың еліміздің келешегін өзгертер сәт екені анық.

Данияр Мұқитанов. 28 жаста. Британдық Кеңестің білім беру жөніндегі менеджері
– Өзіңнің мектептегі кездерің туралы айтып өтсең, кім болғың келіп еді, немен айналысып едің?
– Мен Алматыдағы №131 мектепте оқыдым. Әрқашан президент болуды армандайтынмын, бала кезімде менен кім болғым келеді деп сұраса, «Президент» деп жауап беретінмін. Мектепте оқып жүргенімде тарихқа, жаратылыстануға, жалпы гуманитарлық ғылымдарға қызықтым. Өзімнің әлдебір мемлекеттік немесе қоғамдық жұмыспен айналысатынымды білген де едім...
Сабақты орташа оқыдым, тарихтан олимпиадаларға қатысатынмын. Мектеп қабырғасында түрлі пікірсайыстарға қатыстым, Алматыда өтетін пікірсайыстардан бес рет жеңіске жеткенмін. Кейін республикалық сайыстан жеңіліп қалдым, енді ол мүлдем басқа әңгіме...

– Алғашқы жоғарғы оқу орнын Қазақстанда бітірдің ғой?
– Иә, КИМЭП-тің бакалавриатын аяқтағанмын. Себебі, Қытайға оқуға кетсем дейтінмін, ең жақын достарымның бәрі бірге Шанхайға білім алуға кеткен еді.

– Неге бәрі Қытайды таңдаған?
– Олардың Қытайдың таңдаған себебі – ол жақтан алған білімнің болашағы бар әрі онша қымбат та емес. Болашақта қытай тілінің пайдасы тиетіні анық. Оның үстіне, достарыңмен бірге барған керемет қой. Бірақ мен бармай қалдым, өйткені осы тақырыпта отбасылық кеңес өткізгенімізде, бакалавриатты осында, ал магистратураны шетелде оқыған дұрыс деп шештік. Бакалавриатты өз еліңде оқу арқылы болашақта өзің жұмыс істейтін, қарым-қатынас жасайтын ортамен қандай да бір байланыс орнатып аласың. Ал шетелге бірден кетіп қалсаң, Қазақстанмен арадағы байланыс үзіліп қалуы мүмкін, ал кейін төрт жылдан соң бұл жаққа қайта бейімделіп кету қиынға соқпақ. Оның үстіне, ол кездері әлі мектепте оқып жүргендіктен, осының бәрін жете түсіне бермейтінмін. Анам солай деді, мен келістім. Сол шешіміме әлі күнге дейін өкінген емеспін, әрі дұрыс болғанына көзім жете түсуде.

– КИМЭП-те оқып жүргеніңде қандай да бір шетелден білім алу туралы жоспарларың болды ма? Қайда барсам дейтін едің? Бәрі ойыңдағыдай бола алды ма? Әлде басқаша болып кетті ме?
– Мен әрқашан Англияда оқуды армандайтынмын. Айтпақшы, егер бакалавриатты Англияда оқи алғанымда, міндетті түрде барушы едім, бірақ ол кезде қаржылай мүмкіндігім болмады, ол жақта оқу ақысы тым қымбат қой. Сондықтан өзіме «магистратураны қайтсем де Англияда оқимын» деп уәде бердім. Қалай оқитынымды білмесем де, өзіме сондай мақсат қойдым.

КИМЭП-ті аяқтаған соң жұмыс істеп, тәжірибе жинағым келді. Өзгелермен ақылдастым, өзім де ойлана келе, бакалавриаттан кейін бірден магистратураға түсу – ақшаны желге шашу деп түйдім. Саған магистратура беретін білім бакалавриаттың қайталамасы болғанмен, жұмыс тәжірибең болса, ол біліміңді іс жүзінде қолдана алсаң, оқыған нәрсеңді тереңірек түсінуге жол ашады. Сондықтан алдымен жұмыс істеген дұрыс деп шештім. Екі жыл жұмыс істеген соң стипендия бойынша Кореяға магистратураға түстім.

– Корея қалай екен? Қандай әсер алдың?
– Кореяға кездейсоқ жолым түсті, бастапқыда магистратураны Англияда оқысам деген едім, Chevening-ке өтінім бергенмін, бірақ сол жылы өте алмай қалдым.
Chevening –
сыртқы істер министрлігі мен серіктес ұйымдар қаржыландыратын, Ұлыбритания үкіметі стипендиясының ғаламдық бағдарламасы. Стипендия магистрлік дәреже алу үшін көбінесе бір жылға беріледі.
Қолжетімділігі:
Бағдарламаға Chevening бағдарламасының талаптарына жауап бере алатын барлық тілек білдірушілер қатыса алады. Қатысушы елдер арасында: Беларусь, Ресей, Украина, Молдова, Өзбекстан, Қазақстан, Грузия және басқа да елдер бар...

Талаптары:
  • Бағдарламаға қатысушы елдің азаматы болу;
  • Chevening-ті аяқтаған соң отанына 2 жылдан кешікпей қайтып оралу;
  • бакалавр дәрежесі болу;
  • кем дегенде 2 жыл жұмыс тәжірибесі болу;
  • ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білу.
Қамтылуы:
  • ай сайынғы стипендия;
  • жол шығындары;
  • диссертациялық грант;
  • виза рәсімдеу;
  • оқу құны
...Сол уақытта Кореядағы оқу орнына да құжат тапсырып едім, өтіп кеттім. Бірақ Кореядан не күтетінімді өзім де білмедім. «Саған бір жыл өзге елде өмір сүр, оқуыңның ақшасын өзіміз төлейміз, соңында магистрлік диплом береміз» десе, неге бас тартпақпын? Сөйтіп Кореяға кеттім. Ол жақтың халқы өте мейірімді, көпшіл екен. Кәрістердің мәдениетін өзім де бір адамдай білетінмін. Негізінде, өте жайлы, халықаралық атмосферасы қалыптасқан, шетелдіктерге түсіністікпен қарайтын ел. Өркениетті, мәдениетті ірі қалалары да көп, оның үстіне, Азияда орналасқан.

– Кореядан соң Қазақстанға қайтып келдің бе?
– Иә, қайтып келген соң бұрынғы жұмыс орнымда, Экология және климат институтында біраз уақыт істедім. Жарты жылдан соң мені «Қәсіпқорға» шақырды – ол кәсіби техникалық білім беретін инновациялық колледждер желісін құрумен айналысатын мемлекеттік орган (нақтырақ айтсақ, мақсаты – техникалық және кәсіби білім беруді дамыту және жетілдіру жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсету болып табылатын холдинг, – ред.еск.). Ол жерде Nazarbayev University-мен бірге елде колледждер желісін құру сияқты аса ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқан еді. Мен сонда халықаралық департамент бөлімінде жұмыс істедім, кейіннен Атырау мұнай-газ колледжінің директоры орынбасары болдым. Онда тағы бір жыл жұмыс істеген соң Chevening-ке түсіп, Англияға кеттім.
– Қайда оқыдың? Ол жақта қандай бағдарламалар болды? Есіңде қалған қандай қызықты жайттар бар?
– Мен Шеффилде «Master of leadership and management» бағдарламасымен оқыдым. Қызық жайт дейсіз бе? Меніңше, Англияның Кореядан біраз айырмашылығы бар, ал Қазақстанмен салыстыруға мүлдем болмас. Бәрі ретке қойылған. Студенттерге қолайлы жағдай жасалған, жайлы өмірге қажеттінің бәрін табасыз. Аса үлкен кітапханалар қоры мен медиалабтар, тіпті Қазақстандағы пәтерлерден жақсы жағдай жасалған жатақханалары бар. Жалпы, ол жақтағы студенттік өмірді өте сапалы әрі қызыққа толы деуге болады, білім деңгейі де өте жоғары. Саған барлық мүмкіндіктер жасалған. Оқудың өзінің қандай айырмашылығы бар дегенге келсек: Англияда өз бетіңше ізденуге жақсы жағдай жасалған. Оқылатын дәрістер саны өте аз, жұмысыңның көп бөлігін өзің істеуге тиіссің. Сондықтан өзің үшін көп ізденіп, оқып, жазып жүруіңе тура келеді. Мақалала, чартерлерге өзің пікір жазасың. Бакалавриаты туралы ештеңе айта алмаймын, өйткені тек магистратурасын оқыдым. Англиядағы магистратураны – шынайы зерттеуші деңгейіне көтерілу десе де болады, яғни ғалым деңгейіне көтеріліп, сыни көзқарасыңды жетілдіре түсесің. Жай ғана оқып қоймай, негізгі жайттарды, негізгі ұғымдарды түсіне алатын боласың.
Архитекторлар инженерлік факультет үшін арнайы жоба етіп жасаған «Бриллиант» ғимараты/Шеффилд университеті/Сурет dezeen.com сайтынан алынды
– Мәдени қырлары жағынан алғанда, Корея, Англия және Қазақстан арасындағы айырмашылықтарды атап өтесің бе?
– Қазақстан көп нәрседе бейқам жатқан ел сияқты көрінеді, бұл жақтың адамдары көбінесе өмірден не қалайтынын өздері де түсіне бермейді-ау. Бәрін біреу (әке-шешесі, мемлекеті, күйеуі немесе тағы басқа біреу) бере салғанын қалап тұрады. Мұндай көріністі өмірдің барлық қырынан байқауға болады. Дәл білім алуға қатысты айтар болсақ, студенттер арасында өз бетінше ізденетіндер өте аз, көбісі төрт жыл партада отырып, диплом алуды жетістік санайды. Ал шындығында, әлемде басқаша тренд жүріп жатыр: егер сен жай ғана сабаққа қатысып, диплом, тіпті қандай да бір білім алып шықсаң да, ол жетістік емес. Сондықтан сен сол төрт жыл бойына қозғалыста болуға тиіссің. Қандай да бір студенттік ұйымдарға қатысып, бизнес-жобалармен айналысу керек. Мысалы, егер өзің қалаған салада жұмыс істегің келсе, белгілі бір портфолиоң болуы қажет. Қазақстандықтар, міне, осыны түсіне бермейді, ондайды қажет деп санамайды. Біздің менталитетіміз сондай, өйткені түп соңында біреуге бірдеңе беріп, әке-шешең көмектесіп, бір жерге жұмысқа орналастырса болды деген ұғым белең алған.

Ал Кореяға келсек, кәрістер аса тәртіпшіл халық. Кореяда түн батқанша кітапханада отыру қалыпты нәрсе, әр кітапханада душ бар, өйткені сондағы парталарда, дивандарда жатып оқитындар көп. Ол жақта да өз бетімен ізденіп, идея көтере білу дегенді байқай қоймадым. Дегенмен, қазір кореялық қоғам жылдам өзгеріп жатыр, жалпы алғанда, аса ұқыпты, зерек жастар көп-ақ. Қызықты бастамалар таппай жатса, таза еңбекпен, ынта-жігермен алға ұмтыла береді. Сондай-ақ, Қытаймен салыстырар болсақ, кәрістер әлдеқайда креативті келеді. Ол елдің білім беру саласы да біршама дамып кеткен, кореялық ең мықты университеттер әлемдік озық оқу орындарының қатарына енген, яғни жоғары өрлеп барады.

Англия – классика. Жаңа айтып өткенімдей, ол жақта студенттермен жұмыс істеу керемет жолға қойылған, халықаралық студенттердің қажеттіліктерін жақсы түсінеді. Ағылшындар өз еңбектерін жақсы сата біледі, өздерін, өздерінің жақсы жақтарын таныта біледі, бәрін қашанда тамаша етіп көрсетудің хас шебері. Ал білім туралы айтсақ, Англиядан керемет халықаралық тәжірибе жинап келуге болады. Өйткені дәл Англиядағыдай студенттік қауымдастықты Америкадан ғана кездестіресіз, онда да ағылшындық деңгейден аса қоймайтын шығар, Англияға әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып жатқандар көп, соның өзі үлкен тәжірибе.

– «Мәдени шок» алған кездерің болған шығар?
– Әрине, ондай сәттер де болды. Әсіресе елге қайтып келгенде кейбір нәрселерді қайта қабылдау оңайға түспейді, көп нәрсені ұнатпайсың, таңғаласың, кей нәрсеге тәнті боласың. Ал елден мүлдем кетіп қалу дегеніңіз... жалпы, мен өмірге философиялық тұрғыдан қарайтын жанмын. Шетелге кетсең, өмірің бірден ертегіге айналып кетеді дегенге өз басым сенбеймін. Пәлсапалық тұрғыдан алғанда, бақыт дегеніңіз – мұнда, жүрегіңізде, жаныңызда болуы тиіс. Адам қайда жүрсе де бақытты бола алуы мүмкін. Мен үшін бақыт Қазақстанда сияқты. Әрине, кейбір полицияның өз өкілеттігін тым асыра пайдаланатыны сияқты жағымсыз жағдайлар болып тұрады. Сондай кездері бізде неге осы полисмені айыппұл салмақ түгілі, абайлап жүріңіз деп жымиып, жол көрсетіп жіберетін Англиядағыдай емес екен деген ойлар келетіні рас. Бірақ ондайға да біртіндеп етім үйреніп, басқаша қарайтын болдым. Мен жарты стақан суды жартылай бос деп емес, жартылай толы деп қабылдайтын адаммын. Қазақстанда мүмкіндіктер көп екенін, еліміздің біртіндеп дамып келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды.
Шетелге кетсең, өмірің бірден ертегіге айналып кетеді дегенге өз басым сенбеймін
- Ал шетелге көшкісі келетіндерге қандай кеңес айтасың?

– Біріншіден, шетелдегі білім мен өмір – көкжиегіңді кеңітетін тамаша тәжірибе: көптеген жаңа нәрсені білесің, Қазақстандағы жайттарға басқаша көзбен қарай бастайсың. Жұмыс бойынша болсын, оқу бойынша болсын, әлемді аралап жүргенде түсінгенім, бұрын өзім онша елемеген кейбір нәрселердің Қазақстанда дұрыс еместігі, олай болмауы тиістігі. Егер өмір бойы Қазақстаннан сыртқа шықпай өмір сүргенімде, еш оғаштық байқамауым да мүмкін еді. Сондықтан шетелде білім алудың өзі игі іс. Қазір шетелде оқитын студенттер саны көбейіп келеді, барлық елдерде сондай тренд байқалады. Тіпті білімі мықты деген Англия, Америка сияқты елдердің өзінде студенттер білім алу үшін өзге елдерге ағылуда. Ол өзге елдерде бәрі керемет дегенді білдірмесе керек, керісінше, дүние-танымыңды кеңейтіп, мәдени байланыс орнатуға таптырмайтын мүмкіндік болмақ. Бір білерім, шетелге көшіп кетуді армандап жүргендерді ұстап отырудың еш мәні жоқ. Ғаламданудың тағы бір қыры: өмір сүруге ең жайлы, ең қолайлы елдердің өзінен де адамдар кетіп жатыр.

Мысалы, Жаңа Зеландия алсақ, жайлы өмір, тамаша экология, дамыған экономика деңгейі, жоғары жалақы сияқты барлық өлшемдер жағынан үздік 3 елдің қатарына кіреді, оларда бәрі де тамаша. Бірақ ол елден деа кетіп жатқандар бар ғой.
Сонда олар неге кетеді?

Мәселен, сен фотосуретшісің және Жаңа Зеландияда тұрасың делік, бірақ сен Жаңа Зеландиядағы ең үздік фотосуретші болғанмен, әлем үшін ешкім емессің, сені ешкім білмейді. Тіпті аз-маз атағың шыққан күнде, әлемді мойындату үшін Нью-Йорк, Лондон, Париж секілді әлемдік орталықтарға баруың керек. Кейбіреулер әлемді мойындата алмаған қалпы, кері оралып жатады – ондайлар қашанда бола береді. Адамдардың біраз бөлігі әлемдік ірі орталықтарға кетіп жатады. Біз үшін ондай орталық – Қытай, Шанхай, Мәскеу, Лондон, Дубай. Бұл табиғи үрдіс. Сондықтан қай жаққа болса да кетіп қалуды аңсайтын замандастарыма айтарым: барлық жақта да бақытты болуға болады. Өз қабілетіңді өзгелерге танытып көр, шетелде болса тіптен жақсы, бірақ ешқашан артыңдағы көпірді қиратып кетпе, себебі, өмір көрсеткендей, шетелде тұрған көптеген адамдар 20-30 жылдан кейін бәрібір қайта оралып жатыр. Менің бір туысым бар, ол кісі қартайғанға дейін Канадада тұрды, содан соң өмірінің соңғы күндерін Қазақстанда өткізгісі келетінін, сүйегінің осында жерленгенін қалайтынын айтып, Атырауға қайтып оралды. Атыраудың өмір сапасын, экологиясын әрине, Канадамен салыстыра алмайсың. Бірақ соған қарамастан, ол кісінің жүрегі Атырау деп соқты. Әрине, әлем кең, кез келген елде өмір сүруге болады. Қазақстандық фирмада жұмыс істеп, Гавайя аралдарында тұрамын десеңіз де өз еркіңізде. Екі ай осында, екі ай сонда тұрсаңыз да болады. Қазір түрлі мүмкіндіктер бар. Ал «Отанын сатып кеткен» немесе «Қазақстанда бәрі жаман – кету керек» сияқты ескі түсініктер енді жүрмейді. Кез келген нәрсеге тереңірек қарай білу керек.

Айжан Құл-Мұхаммед, 27 жаста. АҚШ-тағы George Washington University-де оқыған
Өзің туралы айтып өтсең...
– Мен бес адамнан тұратын үлкен отбасында өстім. Өзімнен 18 ай кіші тете сіңлім бар. Екеуіміз егіз сияқты әрқашан бірге жүретінбіз. Өзге балалар сияқты аулада ойнамай, өзімізбен өзіміз болатынбыз, қысқасын айтқанда, әлеуметтік машық-дағдыларды меңгеріп өспедік.

– Неге?
– Өйткені балабақшаға барған жоқпыз. Мектепке барғанымызда өзгелермен тез араласып кете алмадық. Өз пікірімізді айтудан, дау-жанжалдарды өздігімізден шешуден жасқанатын едік, мені ренжітетіндер көп болды, өйткені ойыма келген пікірді іркіп қалуды білмейтінмін.

Шынымды айтсам, біз кейде апталап сабаққа бармайтынбыз, мұғалімдер көп нәрседе біліксіздік танытатын. Мәселен, сіңлімнің бір мұғалімі «Ренессанс» деген сөзді «Ресенанс» деп айтатын. Сол мұғалім адамның әр қабырғасы 24 сүйектен құралған деп жүретін. Қандай білімсіздік десеңізші. Қазақ мектептерінде мұғаліммен дауласу мүмкін емес қой, олар бірден ұрсып-жекіп тастайды. Яғни, өз пікіріңді білдіріп, дәлел-дәйектеріңді айта алмайсың, ал оның кері әсері көп болады.

Мектепте оқып жүргенімде президент болғаным бар. Ол өзі бір аса жауапты қызмет, мойныңа үлкен міндеттер жүктеледі. Сонда түлектер кешін ұйымдастырып, өзіміз жыл сайын шығаратын yearbook-қа қаражат жинап, мектептегі түрлі іс-шараларға, спорт секцияларына қатысып, ұйымдастырып жүретінмін.

– Сол жұмыстың бәрін мектеп қабырғасында атқардың ба?
– Бәрін мектеп қабырғасында жүргенде атқаратынбыз. Оқушы кезімде-ақ әлеуметтік жобалардың ұнайтынын түсіндім. Өзімнің мектептегі зерттеу жұмысыма әйелдер мен балалар мәселелері тақырыбын алғым келген, бірақ не жазу керектігін айқын білмедім. Бәрі маған «Аштық туралы, кедейлік туралы» жаз деп ақыл айтқанда, маған олар тым ауқымды тақырыптар болып көрінді. Сөйтіп қажетті тақырыпты ұзақ таңдай келе, әйелдердің сүндеттелуі туралы мәселеге тоқтам жасадым – мен бұрын әлемде сондай нәрсенің барын білмеген едім. Маған ол сұмдық мәселе болып көрінді, жыл сайын екі миллион қыз бала сүндеттеліп, салдарынан мыңдаған қыз қайтыс болады екен. Бәрінен қызығы, жұмысымызды аяқтаған соң оны жұрт алдында таныстыруымыз қажет болды. Мұғалімдер менің әйелдердің сүндеттелуі туралы таныстырылымыма қатысу үшін студенттерден, оқушылардан ата-аналарына рұқсат алып келуді талап етіпті. Сонда «Сонша шошығандары несі? Мен 4-5 жасында сондай қиындыққа тап болған қыздар туралы айтқалы отырмын ғой, оны тыңдау үшін үп-үлкен балалар неге әке-шешелерінен рұқсат сұрауы тиіс?» деп түсіне алмай, таң болғаным бар. Қысқасы, соның бәрі бір түрлі болатын...
Мектептен соң не болды?
– Содан соң университетке құжат тапсырдым. Өзімнің Штаттарда оқитынымды әрқашан білген едім. Бірақ үлкен қателіктерге ұрындым – университетке құжат тапсырарда алды-артымды бағамдамаған екенмін. «GW University-ге (Джордж Вашингтон университеті, – ред.еск.) немесе сондай үздік университеттерге түсемін» дей беріппін де, өзге оқу орындарына онша мән бермеппін. Сондай университеттің бірі «Penn State» болды (Пенсильвания штаты университеті, – ред.еск.), сөйтіп өзім өтінім берген бір де бір үздік оқу орнына түсе алмай қалдым. Бұл менің оңбай қателескен тұсым болды, өйткені мектепті тек беске бітіргенмін, оқушы кезімде қол жеткізген жетістіктерімнің өзі бір төбе болатын. Бірақ сол қателігім маған үлкен сабақ болды. Сонымен «Penn State-ке» келдім. Алғаш келген күні-ақ онда бір жылдан артық оқи алмайтынымды, міндетті түрде ауысуыма тура келетінін ұқтым. Себебі, «Penn State» ауылды жерде орналасқан екен, ол жақта өзім түскім келген университеттен күткен мүмкіндіктер болмады. Бірінші семестрді оп-оңай аяқтадым, яғни мен үшін жақсы көрсеткіш емес еді. Ал бірінші жыл аяқталып қалғанда GW-ге ауыстым, онда да өз оқуым бойынша тек қоғамдық салада жұмыс істей алатынымды кеш түсініп қалдым. Сол кездері оның психология екенін немесе социология екенін жете түсіне бермейтінмін. Ол мәселеге басқаша қырынан келуге де болар еді, дегенмен, жолым болып кетті. GW-дің Human services: «Қоғамға қызмет ету ме? Адамға қызмет ету ме?» деп аталатын тамаша бағдарламасы болды.

Джордж Вашингтон университеті /Сурет университет сайтынан алынды

– Қоғамға қызмет етуге неге сонша үрке қарағансың? Әлде көңілің қаламады ма?
– Біріншіден, мектепте оқып жүргенімде... «white man's burden» – «дамыған елдерден шыққан адамдар» деген ұғым бар, сондайлардың қататынан болдым. Яғни, мен әрқашан алда жүретін отбасыдан шықтым, өзгелерге қарағанда менде бәрі болды. Бәлкім, өзімде бәрі бар екенін, ал өзгелерде ондай ештеңе жоқтығын, дүниенің әділетті бола бермейтінін ерте түсінген шығармын, сондықтан өзгелерде де менікі сияқты мүмкіндіктер болғанын қалаған шығармын. Біреулер мен өзімді кінәлі сезінген соң солай істеген дер. Бірақ шындығында, олай емес, меніңше, біреудің жақсы отбасында немесе нашар отбасында дүниеге келуі лотерея ойыны сияқты, бірақ бұл біреудің өзгелерден ақылды немесе ақымақтығын білдірмейді ғой. Мен мысалы, талантты адамдардың да, жолы болмаған адамдардың бар екенін білемін, оларға қолдау білдірсе, бәрі де жақсы болып кететініне сенемін.

– Штаттарда өмірлік көзқарасың өзгерді ме?
– Мен америкалықтармен де, сырттан келгендермен де көп сөйлесіп көрдім. Олар маған өз өмірлері, елдері немесе өз communities (қоғамы, – ред.еск) туралы айтып берді. Сонда өзімнің Қазақстанда туғаныма шын қуандым. Мен ешқашан соғысты, аштықты көрген емеспін, Пәкістан, Ауғанстан, Сербия, Албания сияқты елдерден келген курстастарым көрген сұмдық жайттарды көрген жоқпын. Ал олар туыстарының қалай қаза тапқанын өз көздерімен көрген, жақындарын жоғалтқан. Біз соның бірін де көрген жоқпыз ғой.
Сондықтан мен өзімде бәрі жақсы болғаны үшін, ешқандай қантөгіс болмаған осындай тәуелсіз елде туғаным үшін елімнің, тағдырымның алдында қарыздар сезіндім...
– Штаттарда жұмыс істедің ғой, сол жайында айтып өтсең.
– Америкада халықаралық университетті, магистратураны немесе бакалавриатты аяқтай салысымен, саған АҚШ-та жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Өзім таңдаған бағдарламаға ілігіп кеткенім – үлкен сәттілік болды десем, артық айтқандық емес. Өйткені, сол жақта еңбек өтілінен өткендердің бәрі шетінен ақылды жастар еді, тіпті: «Мен мұнда не істеп жүрмін, қалайша жолым болып кетті екен?» деп күніне сан мәрте шүкіршілік айтумен болдым. Дегенмен, маған да айналамдағылар: «Өзің де ақылдысың ғой, осында болуға сен де лайықтысың» деп қолдау білдіріп жататын.
- Сонымен, неліктен қайтып оралдың?


– Ол жақта жүргенде мен тікелей өзіміздің аймақпен жұмыс істедім, жұмыспен Қазақстанға жиі келіп тұрдым, сонда өз елімде жүріп-ақ қаншама шаруа атқаруға болатынын көрдім. Өзімді данышпан етіп көрсеткенім емес, дегенмен, өз үйренгендерім мен алған білімімнің Америкадан гөрі, осында, Қазақстанға қаншалықты керек екенін түсіндім. Шынымды айтсам, Америкада мен жай ғана жақсы жұмыскер болдым. Біреуден артық немесе кем бола қойған жоқпын. Яғни, мен өз жұмысымды жақсы білетін ең қарапайым жұмыскер болғаныммен, алған білімімнің мені Қазақстанда сұранысқа ие ететіндігін түсінген едім.

Оның үстіне, сол кездері мені қатты ойландырған бір жайт болды: 2015 жылдың қыркүйек айында жұмыспен елге келдім, Қазақстандағы күзді соңғы 6 жылда алғашқы рет көруім еді. Қазақстанның күздігүні қандай болатынын ұмытып та қалыппын – әрдайым жазда немесе қыста, демалыс кездерінде және жұмыспен ғана келетінмін. Сол күзде көлікпен Астанада келе жатқанымда, сөмке ұстап кетіп бара жатқан қыздарды, алтын күзді көріп, осы уақытқа дейін елімнің күз мезгілін ғана емес, өз отбасымның, достарымның өмірінің бір бөлігін өткізіп алғандай сезіндім. Мені тіпті көп туыстарым танымай да қалған. Мен де туыстас іні-сіңлілерімді, бөле, жиендерімді бірден тани қоймадым, оларды соңғы рет кішкентай кездерінде көріппін, ал қайтып келгенімде мектеп бітіріп қалыпты. Мен сондай... жат, өз елім, өз туыстарыма бөтен болып кеткен екенмін. Солай өзімді сондай кінәлі сезінген едім.
Америкада қанша жайлы болса да, мен америкалық немесе еуропалық емеспін, ол жаққа ешқашан сіңісіп кете алмас едім. Солай болуы заңдылық та, әрине. Бірақ бұл жаққа да бөтен болып кетермін деген ойдың өзі қорқынышты болды, өз тілімде емес, ағылшын тілінде сөйлеп кете беретінмін... Қазақстанның шынайы өмірін, соңғы алты жылда бұл жақтың адамдарының қалай өмір сүргенін мүлдем білмедім. Сондықтан қайтып оралу керек екенін ұқтым, алған білімім мен үйренген машықтарымның бұл жақта үлкен сұранысқа ие болатынын ұқтым.

Сөйтіп бәрі аяқастынан болды: жұмыстан кететінім туралы арызымды жазып, соңғы айымды өтедім де, заттарымды тез-тез екі шабаданға салып, итімді ертіп, Қазақстанға қайтып оралдым. Сонда ата-анам қатты ренжіді, олар мені сол жақта қалып, жұмыс істейді деп ойлапты. Олар үшін достарына «Қызымыз жүз мың теңгеге институтта сабақ береді» дегеннен гөрі, «Америкада жұмыс істейді» деп мақтанған маңыздырақ болған да шығар.

Қайтып келгенімде мені ата-анам да, достарым да түсіне алмады. Бәрі маған таңырқай қарап, «Бәріміздің сол жаққа барғымыз келіп жүрсе, сен неге қайтып келгенсің? Ол жақта жұмыс визаң да, жұмысың да болды... Сенің есің ауысып кеткен бе өзі?» десті. Елге орала салысымен, небәрі екі күн ғана жұмыссыз жүрдім, онда да демалыс күндері болды. Ал дүйсенбі күні жұмыс туралы ұсыныс түсті, оған бірден келісе кеттім. Мен тіпті алатын жалақымның көлеміне де қарамадым, өйткені, жоғары жалақы алғым келсе, халықаралық ұйымдарға-ақ барар едім, бірақ мен қалаған нәрсе басқа еді. Бұл жерде өз білімімді, үйренген нәрселерімді, керекті байланыстарымды бүтін бір саланы өзгерту үшін, университеттің бүтін бір әлеуметтік саласы үшін, тіпті адамдардың өмірін жақсарту үшін жұмсауға толық мүмкіндігім бар десем артық кетпеспін. Маған қазіргі өмірім расымен де, керемет болып көрінеді. Әр нәрсеге қуана білуді үйренген кез келген адам менің орнымда болса, осылай істер еді.

Арнайы жоба авторы Фарангиза Шукашева 2017 жылы Бішкектегі «Мультимедиялық сторителлинг» тренингінен өткен. Аталмыш арнайы жоба сол тренинг қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы Internews кеңсесінде берілген грант аясында құрылды.